Саяси реформаның ең бастысы – Конституцияға өзгеріс енгізу – заңгер

Автор: Azattyq Rýhy

Сол сияқты облыс әкімдерін тікелей сайлау туралы ұсыныс айтылды

Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау қажет. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге қатысты өткен жиында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік билік механизмінде Конституциялық Сотты құру биліктің бөліну принципіне, конституциялық процестің үздіксіздігі мен қайтымсыздығына, мемлекеттік органдардың қоғам мен халық алдындағы жауапкершілік алатынына кепілдік беретінін айтты. Сондай-ақ азаматтар мен басқа да құқық субъектілеріне құқықтары бұзылған жағдайда тікелей қорғауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Заңгер Алмас Жұмағалидың айтуынша, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін жетілдіру мәселесіне келгенде өзгерістерді алдымен Конституциядан бастау керек.

«Саяси реформаның ең бастысы – Конституцияға өзгеріс енгізу. Тіптен жаңа Конституция қабылдау қажет. Президенттің 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында айтқан шешімдері, бастамасы дұрыс. Бірақ сөз күйінде қалмай, жұмыс тобы тез арада өзгерістерді Конституциялық заңдардан бастап енгізуі керек. Конституциялық соттың қайта қалыпқа келуі өте дұрыс. Сонда халық ойын ашық айта алады. Сонымен қатар елімізде мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелері қатар болуы керек. Президент мажоритарлық жүйені 30 пайыз енгізіп жатыр, бірақ түбінде елуде елу болуы керек деген ұсыныс айтылды», – деді Алмас Жұмағали.

Талқылауға қатысқан заңгерлер қолданыстағы заңды жетілдіргенде өз құқықтарын жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болып отырған азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы блокқа ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

«Құқық үстемдігі институтының» сарапшысы, заң ғылымдарының докторы Лейла Жанұзақова облыс әкімдерін тікелей сайлау туралы ұсынысын айтты.

«Қоғам облыс әкімдерін де тікелей сайлауды талап етеді. Пилоттық жоба ретінде Қазақстанның бір облысында сайлау өткізу керек. Бірақ үміткерлер саяси партиялардың ұсынысымен ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің де қатысуымен, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну арқылы да қатысуы тиіс. Бұл тікелей демократия институтының қалай жұмыс істейтінін көру үшін қажет», – деді профессор.