Таразда 100-ден аса отбасы судан шіріген үйде тұрып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекеттік бағдарламамен басталған жөндеу былтырдан бері бітпей жатыр

Фото ашық дереккөзден

Таразда 100-ден аса отбасы қабырғасы көгеріп иістенген үйде тұрып жатыр. Бұл жағдайға терможаңғырту бағдарламасымен ғимаратқа жөндеу жүргізген мердігер кінәлі дейді жиналғандар. Нысанның төбесін ашық қалдырып, жауын суы бірінші қабатқа құйылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Дүние-мүлкіміз жарамсыз болды» деген бұқара кәсіпкерге шығынды төлеп берсін деп талап қояды.  11-ші шағын ауданындағы №30 көпқабатты үй қаладағы басынан дауы арылмаған нысан. Мемлекеттік бағдарламамен басталған жөндеу былтырдан бері бітпей жатыр. Осы уақыт аралығында тұрғындар «көресіні көрдік» деп ашынады. 

Ғимараттың төбесі екі ай бойы ашық тұрса керек. Ал наурыз айында он күн толассыз жауын жауған. Нөсер көпшілікті әбден титықтатқан. Жоғарыдан шелектеп аққан су бірінші қабатқа төгіліпті. Соның салдарынан көптеген пәтердің қабырғасы мен едені көгеріп иістеніп кеткен. Наразы жұрт үйдегі жиһаз, көрпе-жастық – бәрі суға малынып борып кетті дейді. Тұрғындар бүлінген дүниенің өтемақысын талап етіп отыр. Үш аптадан бері жөндеу жұмысы да тоқтап қалған. Бұқара оның себебін түсінбей дал.

Құрылысқа жауапты мердігермен тілдесу мүмкін болмады. Тұрғын-үй жөндеу мекемесінің басшысы мердігер атқарылған жұмысы бойынша анықтаманы дер уағында өткізбеген дейді. Сол үшін қаржы аудару кешеуілдеген. «Бірақ біздің тараптан кеткен кемшілік жоқ» деп ақталды.

«Ол атқарылған жұмысын, формасын әкеп бергеннен кейін барып қаражат төлеп береміз. Онда да мен, қайталап айтып кетейін, қазір ол төрт айға кешіктіріп отыр. Келісімшартта көрсетілген заңдылыққа  сәйкес, айыпақы ұстағаннан кейін қалғанын төлеп береміз», - дейді «Тұрғын үй жөндеу Тараз» ЖШС директорының міндетін атқарушы Бақытқали Жаңабаев.

Бақытқали Жаңабаев құрылысты кешіктерген мердігерді сотқа бердік дейді. Сондай-ақ ол тұрғындарға алаңдамауға кеңес береді. Өйткені жөндеу жүргізген кәсіпкер жауыннан бүлінген дүние-мүліктің шығынын өтеп, тіпті көгерген пәтерлерді де қалпына келтіруге міндетті екен.