Өнеркәсіптердің 32 пайызы – Абай облысында, 68 пайызы – ШҚО-да қалмақ
Шығыс Қазақстан мен Абай өңірлерінің қалай бөлінетіні Өскеменде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында айтылды. Бұл туралы ШҚО ақпарат орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту барысында Тарбағатай ауданының құрамынан Ақсуат және Тарбағатай аудандарын, ал Көкпекті ауданынан Самар және Көкпекті аудандарын құру туралы шешім қабылданып отыр. Алдағы уақытта Тарбағатайдың әкімшілік орталығы – Ақжар ауылы, Ақсуат ауданының орталығы – Ақсуат ауылы болмақ.
Территориялық бөліністерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының аумағы 97,8 мың шаршы метр болады. Құрамына 9 аудан және 2 қала кіреді. Абай облысының аумағы 185,5 мың шаршы метрді құрап, құрамына 8 аудан және 2 қала енеді.
«Атап айтқанда, ШҚО аумағында – Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары қалады. Абай облысына – Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары қарайды. Жаңадан құрылатын облыс халқының саны – 638,3 мың адамды құраса, Шығыс Қазақстан облысының халқы – 717,6 мың болмақ. Бұл аймақ тұрғындарының 53 пайызы», - деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы.
Өнеркәсіптердің 32 пайызы – Абай облысында, 68 пайызы – ШҚО-да қалмақ. Екі облыстың қала-аудандары 1997 жылы Семей облысы қосылғанға дейінгі территориялар бойынша бөлінген.
Сессияның қорытындысында бірлескен қаулы мен шешім Үкіметке жолданды.