Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Балқашта әйелді жүк пойызы қағып кетті. Ол алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұм әйел - Балқаш қаласы Жұмысшы кентінің тұрғыны. Қайғылы оқиға кент пен қала арасындағы аралықта теміржол бойында орын алған. Қаза болған келіншек темір жол бойымен өтіп бара жатқанда оны жүк пойызы қағып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның есту қабілетінде ақау болған.
Пойыз жүргізушісінің айтуынша, шұғыл тежегішті басқанымен қақтығысқа жол бермеуге мүмкіндік болмаған. Әйел алған жарақатынан қайтыс болды.
«Аталған факті бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде ҚР ҚК 344-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады көлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ведомство тергеу аяқталғанша өзге ақпаратты жария етуге болмайтынын хабарлады.