Үкімет халықтың табысын қалай арттыратынын түсіндірді

Автор: Еркежан Айтказина

Депутаттар өңірлерді аралау барысында екі мыңға жуық проблема қозғалған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Депуттартардың өңірлерге сапары барысында халық тарапынан екі мыңға жуық мәселе көтерілді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутаттардың өңірлерге шығу барысында азаматтардан келіп түскен өтініштердің орындалуы туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Халық негізінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою, жұмыс орындарын құру және инфляцияны тежеу және нақты табысты арттыруға, кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты болған.

«Өздеріңізге белгілі, пандемия, жаһандық экономикалық дағдарыс халықтың кірісінің төмендеуіне әсер етті. Бұл тек біздің елге ғана емес – әлемге ортақ проблема. Халықтың табысын арттыру – Үкіметтің экономикалық саясатының басты стратегиялық міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтар кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Біріншіден – бұл бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру. Екіншіден, экономиканың барлық саласында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орнының табысын арттыру көзделген», - дейді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру қажет. Фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары – 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады.

«Ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру, «Бақытты отбасы» сияқты жобалар арқылы көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орындарын құру, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» жобалары және (400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) гранттар беру арқылы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарастырылған», - дейді Премьер-Министрінің орынбасары.