Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушыларға жалға алу ақысын төмендету мәселесі пысықталып жатыр
Халықтың табысы инфляция деңгейіне тікелей байланысты. Әлем елдерінде жалпы ішкі өнімдегі жалақының үлесі 50%-дан асады. Бізде бұл көрсеткіш тек қана 31% деңгейінде деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутаттардың өңірлерді аралау барысында азаматтартардан келіп түскен өтініштердің орындалуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
«Бағдарламаны жүзеге асыру бұл көрсеткішті 31 пайыздан 38,5 пайызға дейін арттырады. Сондай-ақ жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстың үлесін 70%-дан 82%-ға дейін арттыру көзделген. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу жолдары егжей-тегжейлі талданады және өңірлер мен салалық министрліктер контексінде Бағдарламаның индикаторларына қол жеткізу жауапкершілігі бекітілді. Жалпы, Бағдарламаны іске асыру Жаңа Қазақстан экономикасының негізіне айналатын елімізде кең орта таптың қалыптасуына ықпал етеді», − дейді Е.Тоғжанов
Оның айтуынша, бүгінгі күні халық үшін азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында үкімет форвардтық шарттар жасасу, шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу құралдары және бөлшек саудада үстеме ақы төлеу талаптарының сақталуын бақылау шараларын кеңінен қолданады.
«Жергілікті атқарушы органдар профилактикалық бақылау аясында дүкендерде 15 пайыздық үстемеақыдан асып кетудің алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «айналым схемасын» қаржыландыру және тұрақтандыру қорларын қалыптастыру 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушыларға жалға алу ақысын төмендету мәселесі пысықталуда. Жоғарыда аталған шаралар азық-түлік бағасының индексін ұстауға мүмкіндік бергенін ерекше атап өткім келеді ағымдағы жылдың 1 тоқсаны бұл көрсеткіш 10% деңгейінде», - дейді ол.