Еріген қар суына толған арық арнасынан асқан
Қарағандыда 10 жастағы жеткіншек қар суы жиналатын арыққа тайып құлап кетіп, көз жұмды. Ойнап жүрген баласынан қапыда көз жазып қалған ата-ана есеңгіреп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Үйдің іргесінде ашық жатқан каналдың суы арнасынан тасып, жыл сайын жұрттың онсыз да үрейін туғызатын. "Ақыры қайғылы оқиғаға әкелді" дейді тұрғындар. Олар қауіпті арықты енді тез арада қоршауды сұрайды. 10 жастағы жеткіншек достарының көз алдында суға кетті. Балалар суға қайық жүздірген көрінеді. Біреуі қайығын алу үшін ұмтылғанда аяғы тайып кетіп, құлаған. Ағыстың қаттылығы сонша баланың денесі тек 1 сағаттан кейін әрең табылды.
Еріген қар суына толған арық кеше арнасынан асқан. Тереңдігі екі метр. Оның үстіне судың лайлығы, каналдың маңында құтқару бекетінің жоқтығы іздеу жұмыстарын қиындатқан көрінеді.
Қарағанды қаласының Сұрыптау бекетіндегі бұл каналға осы ауданның бүкіл дала суы ағып келіп, Солонка өзеніне құйылады. Арықтағы тор болмаса баланың денесі даладағы коллекторға кетер еді дейді мамандар.
Елімізде мұндай арықтар ашық жатады. Адам көп шоғырланған жерлердің өзінде жабылмаған. Технологиясы солай дейді мамандар. Ал мұның салдарынан жыл сайын ондаған бала көз жұматын көрінеді. Бұл оқиғадан кейін әкімдіктің өзі не істерін білмей отыр. Сондықтан құтқарушылар ата- аналарға көктемгі су тасқыны кезінде балаларды сақтық шараларымен таныстыруға кеңес береді.