Абайдың 175 жылдығы аясында 500-ден астам шара өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлы ақын туралы бірнеше деректі фильм және сериал түсіру жоспарланып отыр 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Опера және Балет театрында Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсімі басталды, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.

Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр мен үкімет мүшелері, депутаттар қатысып отыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, биыл Қазақстанда Абайдың 175 жылдығына арналған 500-ден астам шара өтеді.

«Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс шаралардың салтанатты ашылу рәсімі - бұл ел тарихында өшпейтін із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алған игі бастама. Осыған орай биыл халықаралық және республикалық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын салтанатты дәрежеде атап өткен едік. Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты», - деді Мәдениет министрі алдыңғы мерейтойды еске ала отырып.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, Абайдың 175 жылдығы Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен тойланады. Ол үшін шет елдердегі Қазақстан елшіліктерінің жанынан Абай орталықтары ашылмақ.

«Биыл ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту үшін кешенді жоспар дайындалғанын білесіздер. Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс шара ұйымдастырылады. Басты жиынның бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, одан әрі айшықтала түседі деп сенеміз. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне  аударылады. Бұл ретте біз аударма ісінің сапалы болуына басымдық береміз. Сонымен қатар, Абай туралы бірнеше деректі фильм және сериал түсіру жоспарланып отыр», - деді министр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан