Елордада тұрғын үй кешендерінің орнына мектептер мен гүлзарлар салынады

Azattyq Rýhy

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында әлеуметтік нысан құрылысы мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерекше назар аударылады

Елорда әкімдігі әлеуметтік нысандары тапшы тұрғын үй кешендерінің құрылысы жөніндегі ұсыныстарды қабылдамады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвилл ТК) мекенжайындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынатын болады. Бұдан басқа, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында «Хайвил» ТК-ге қарама-қарсы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ Ақбұлақ ықшамауданында Қ. Жалайыри көшесінде «Iconic» ТК құрылысы тоқтатылды. Мастер-жоспар бойынша бұл орын абаттандырылып, гүлзар орнатылады.

Жоспар бойынша Есіл ауданындағы Мәңгілік Ел даңғылы жанында – №9 емхана мен №77 мектеп-гимназиясы арасындағы учаскеде серуендеуге және демалуға арналған қоғамдық кеңістік (гүлзар) салынады.

Сондай-ақ Күмісбеков көшесі, 9 мекенжайында 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады.

М. Горький – Косыгин – Челюскинцев – Ишимская көшелерінің квадратында ТК орнына скверлер салынады.

Сонымен қатар Бас прокуратура мен Jysan Bank арасында – Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп салынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.