Жыл басынан бері айналасы үш айдың ішінде аталған автобанда 11 рет қозғалыс тоқтатылған
Қазір бірнеше бағыттағы күре жолдарға арнайы терминалдар мен бейнекамералар қойылып, тиісті тариф бекітілген. Солардың бірі - елорда мен Бурабай ауданының аралығындағы тасжол. Бірақ қыс түссе бітті аталған трасса жиі жабылып, көктемде көктайғақтан көз ашпайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Шағымның көбі қыс мезгілінде болады. Себебі аяз күшейіп немесе қар боратқанда, сондай-ақ көктайғақ болған кездері бұл жол жиі жабылады. Мәселен, жыл басынан бері айналасы үш айдың ішінде аталған автобанда 11 рет қозғалыс тоқтатылған. Сондай жағдайдың бірі жақында ғана болды. Асфальт бетінің көк мұз болуына байланысты бұл жол 12 сағаттан астам жабық тұрды. Соның салдарынан жүздеген көліктің кептелісі қалыптасты.
«Мұнда кеше кешкі сағат 19.00-ден бастап тұрмыз. Түні бойы көлікте түнедік. Жарайды, осындай жағдай болатынын ескеріп, осы маңайға дәретхана және басқа да қажеттіліктерді жасап қоюға болады ғой. Бірақ ол да жоқ. Ақылы жолға не үшін ақша төлеп отырғанымызды түсінбеймін. Мәселен, біз 1000 теңге, ал үлкен жүк көліктері 5200 теңге төлейді», - дейді көлік жүргізушісі Сергей Гаммер.
Аталған жолға жауапты «Қазавтожол» мекемесінің мамандары болса, «біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз» дейді. Ал ақылы жолдың жабылуы тек күн райының құбылуымен ғана байланысты. Сондықтан оған қарсы дәрменсіз екенін айтады.
«Нұр-Сұлтан – Щучинск тасжолына бізде 3 мекеме қызмет көрсетеді. Олар Щучинск, Ақкөл және Шортандыда орналасқан. Аталған кәсіпорындарда 41 арнайы техника бар. Жұмысшылар қажет кезде құмын сеуіп, жолдың қарын тазалап отырады. Яғни, жолды күтіп ұстауға күшіміз толық жетеді. Тек ауа райына байланысты ғана жолды уақытша жаба тұруға мәжбүрміз. Әйтпесе біздің тараптан кемшілік жоқ», - деді «Қазавтожол» ҰК АҚ Ақылы жолдар дирекциясының бас инженері Қанат Сәдуақасов.
Бас инженердің айтуынша, жыл сайын көліктерден түскен қаржының 1 млрд теңгеден астамы аталған трассаны күтіп ұстауға жұмсалады. Бұл қаражат қомақты боп көрінгенмен жолды жыл бойы қарауға әрең жетеді дегенді алға тартты.