Қарағанды облысында екі баланы ит талап, біреуі қайтыс болды

Azattyq Rýhy

Қазір бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде

Қарағанды облысында екі баланы ит талап, біреуі қайтыс  болды
Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысында екі баланы ит қауып,  біреуі қайтыс болды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ит 3 және 5 жастағы екі балаға шабуыл жасады. Олардың бірі ауруханада қайтыс болды. Оқиға 1 сәуірде болған. Бұл туралы ақпарат Ақтоғай аудандық полиция бөліміне сағат 19.00-де түскен. Ақтоғай ауылында ит шабуылынан зардап шеккен 3 және 5 жастағы екі бала медициналық мекемеге жеткізілген.

"Полицейлер жекеменшік үйдің ауласында ойнап жүрген 3 және 5 жастағы екі ұл балаға байлаусыз жүрген ит шабуыл жасағанын анықтады. Зардап шеккен балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, 3 жасар бала алған жарақаттарынан қайтыс болды. Екінші бала ауруханаға жатқызылды", - деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Қазір бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.