Көлігін утильге өткізген тұрғындар айлап ақша ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал ауыл шаруашылығы техникасын өткізіп, сертификат алғандардың жағдайы тіпті қиын

 
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында көлігін утилизацияға өткізіп жіберген тұрғындар ақшасын айлап ала алмай жүр. Оларға қаражат екі тәулік ішінде түседі деп уәде берген. Ал ауыл шаруашылығы техникасын өткізіп, бір жапырақ сертификат алғандардың жағдайы тіпті қиын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жыл басында ескі көлігін утильге өткізгендер енді не істерін білмей жүр. Себебі жаңа көлік алуға жеңілдік ретінде берілген сертификат түкке жарамсыз қағаз болып қалған. Яғни, тракторға миллион, ал комбайнға екі миллион теңге көлемінде жеңілдік болады деп сенгендер енді ескі техникасына зар болып отыр. Сөйтіп жер жыртып егін егіп жүрген диқандар қара жаяу қалған.

Утиль алыммен айналысатын «Жасыл даму» компаниясы алғашында мәселені шешеміз десе, кейіннен тіпті телефонға жауап беруді қойыпты. Қаңтардан бері көлік қабылдау бекеттері жұмыс істемейді. Ал ескі көліктер әлі үздіксіз келіп жатыр.

Жеңіл көліктерін өткізгендерге өтемақысы екі күннің ішінде түсуі керек болған. Бірақ жұрт ақшасын төрт айдан бері ала алмай жүр. Сергелдеңге түскен тұрғындар петиция жазуды бастадық дейді.

Ал утиль алымға жауапты «Жасыл даму» басшылары бар қиыншылықты РОП операторына қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланыстырады. Сертификатпен төлем жүргізуге кедергі көп болғанымен, мәселе көп ұзамай шешіледі деп сендірді.

«Жасыл даму» АҚ және министрлік тарапынан да бұл мәселенің оң шешілуіне байланысты нақты іс-шара атқарылып жатыр. Жақын арада мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі өтуге жақын сертификаттардың мерзімі ұзартылады. Қазір күрделенген мәселелердің бәрі осы айдың аяғына дейін түпкілікті шешіледі», - деді «Жасыл даму» АҚ бөлім басшысы Талғат Маханов.