Биыл Рамазан айы 2 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтеді
Рамазан айында елорда мешіттеріне түнгі автобустар қатынайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов айтты, деп хабарлайды Elorda.info.
"Биыл Рамазан айы 2 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтеді. Қазіргі таңда елордадағы 12 мешітте Рамазанға қызу дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Елорда әкімдігі 2 сәуірден бастап ораза аяқталғанша қаладағы ірі мешіттерге түнгі автобустар қатынасын қамтамасыз етуді қолға алды. Түнгі автобустар елордадағы 5 мешітке, атап айтсақ, Әзірет Сұлтан мешіті, Әбу Насыр әл-Фараби мешіті, Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті, Рыскелді қажы мешіті және Раиса ана мешітіне қатынайтын болады", – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ведомство өкілі Рамазан айына қатысты кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 109 колл-орталығына хабарласуға болатынын еске салды.