Ерлан Қарин шетелдік дипломаттардың жаңа реформаларға қатысты бірқатар сұрағына жауап берді
ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің елімізде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттік хатшы дипломаттарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының мән-маңызы туралы айтып, Президенттің жақында Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі қағидаларына тоқталды.
Еліміздің суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу тетіктеріне, соның ішінде, Мәжілісті қалыптастырудың пропорционалды-мажоритарлық жүйесіне, палаталардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды тіркеу тәртібін ырықтандыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру, мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын реформалау, заң үстемдігі қағидаттарын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ерлан Қарин шетелдік дипломаттардың жаңа реформаларға қатысты бірқатар сұрағына жауап берді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестіктің ортақ бағыттарын талқылады, сондай-ақ, аймақтағы кең ауқымды мәселелер жөнінде пікір алмасты.