Елордада өткен тәулікте 160 жол апаты болды
Жаяу жүргіншілер белгіленген жерлерден ғана өтуі керек
Елордада ауа-райының қолайсыздығына байланысты бір тәуліктің ішінде 160 жол апаты болды. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің хабарлауынша кеше сағат 20:10 шамасында «Лада» маркалы автокөліктің 26 жастағы жүргізушісі Қарқаралы тас жолы бойымен Қосшы қаласы жағынан Қабанбай батыр даңғылына қарай жүріп келе жатып, ауа-райын ескермей, 41 жастағы жүргізушінің басқаруымен «Фольксваген» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Аталған жағдай салдарынан көліктердің кептелісі мен жолдың нашар көрінуінен тағы төрт көлік соқтығысқан.
Сондай-ақ, кеше «Shacman» автокөлігінің жүргізушісі Талапкер ауылы жағынан Астрахань тас жолымен жүріп бара жатып, рөлді басқара алмай, басқа «Shacman» автокөлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін тағы үш көлік соқтығысқан.
«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ауа-райының күрделі жағдайы мен температураның төмендеуін, сондай-ақ көктайғақты ескере отырып өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, күрт тежеуге жүгінбеуді, қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды ескертеді.
Жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де, жүріс бөлігіне де көліктің тоқтап тұрғанына көз жеткізіп, белгіленген жерлерден ғана өтуі керек», - делінген хабарламада.