Түркі Академиясын Қазақстанда орналастыру шарты Сенат қарауына жіберілді

Автор: Әсел Оршыбекова

Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан

Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау жөнінде заң жобасын Сенат қарауына жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Академияның басты мақсаты – түркі тілдерінің әдебиетін, мәдениетін сақтау мен танытуға бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді жүргізу. Қазіргі таңда академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Әзербайжан және өзге де түркі елдері еніп отыр. Ал Венгрия бүгінгі күні бақылаушы ел мәртебесіне ие. Академияның штаб пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасуына байланысты келісімнің мақсаты – елімізде жұмыс істеу кезінде Түркі Академиясының мәртебесін, оның артықшылықтары мен иммунитетін айқындау болып саналады», - деді министр.

Министрдің мәліметінше, 2014 жылдан бастап халықаралық статусқа ие болған Академияда бүгінгі таңда 17 адам жұмыс істейді, оның екеуі шетелдік азамат.

«Академия кітап шығару, ғылыми зерттеулер мен түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде, ғылыми форумдар мен конференциялар өткізуде бүгінгі күні үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстан Республикасының түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қарастыруларыңызды сұраймын», - деді министр Асхат Аймағамбетов.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Баяндалғанды ескере отырып, Комитет «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдауға және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуге болады деп есептейді.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Түркі академиясын 2014 жылғы 28 тамызда тіркеді және халықаралық ұйым ретінде аккредиттеді.