Жоба ЮНИСЕФ пен ҚазҰУ арасындағы бірегей әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр
Бүгінде ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы бүкіл әлемдегі жастар арасындағы гендерлік саясатқа үлкен көңіл бөліп отыр. Осы орайда ЮНИСЕФ пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы бірегей әріптестік шеңберінде UniSat жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 150-ден астам қыз бала бірнеше айдан бері ғарыштық техника саласындағы жетекші мамандардан білім алуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
UniSat – ЮНИСЕФ ұйымы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлескен жобасы. Ол наноспутниктер бойынша білім беру курсын әзірлеу арқылы қыздар арасында STEM-білім беруді (Science, Technology, Engineering, Mathematics) дамытуды көздейді.
21-30 наурыз аралығында UniSat-тың он күндік практикалық марафоны аясында оффлайн сабақтар өтіліп, әр топ өз наноспутниктерін стратосфераға ұшырды.
Тәлімгерлер практикалық марафон барысында наноспутниктерді жасаудың барлық сатыларымен жақыннан танысты. Олар UniSat ғарыштық аппаратының сыртқы корпусын 3D принтерлердің көмегімен жасап шықты, сондай-ақ, аппараттың электрондық сұлбаларын жасауды, оның негізінде шынайы электрондық сүлбелерді жасауды үйренді.
UniSat наноспутниктері STEM білім беру мақсатында жасалған, оның құрамында ауаның ластанғандыған анықтайтын сенсор, жоғары ажыратқышты камера бар.
UniSat жобасы наноспутниктерді әзірлеу бойынша дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ғана емес, командада жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу, тайм-менеджмент, креативтілік сияқты және т. б. қыздардың бойында икемділік дағдыларын дамытуға бағытталған.
28 наурыз күні ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі Артур Ван-Дизен мырза арнайы келіп, жоба қатысушыларымен сұхбаттасты. Жоба барасында жасалған жұмыстармен танысты, Өзбекстан, Қырғызстан және де еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген қатысушылармен жақыннан танасып, жобаның тағы да жалғасын табатынына үлкен сенім білдірді.
«Бүгінгі күннің символдық мәні бар. Бұл Орталық Азия қыздары мен әйелдерінің шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл олардың ғылым мен техника көкжиегін кеңейте түседі. Біз UniSat бағдарламасының нәтижелері қоғамдағы ғарыштық өзгерістерге жеткізеді деп сенеміз», - деп түсіндірді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Наноспутниктер – массасы 10 келіден аспайтын шағын ғарыш аппараттарының класы. Бүгінде наноспутниктер әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы университеттерінде және коммерциялық ұйымдарда дамыған.