Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ТРАСЕКА көлік дәлізі үлкен сұранысқа ие болып тұр – ИИДМ

Автор: Әсел Оршыбекова

Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы 8 автомобиль транзиттік дәлізі өтеді

Фото ашық дереккөзден

Отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2025 жылға қарай автопарк санын 7615 бірліктен 15 мыңға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мінберде баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, осы мақсатта 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін ЕУРО-5 экологиялық класты ершікті тартқыштар бастапқы тіркеуден босатылады. Сондай-ақ, салмағы 12-ден 50 тоннаға дейінгі көліктің бұл түрі кәдеге жарату алымынан босатылған.

«Бұл шаралар отандық кәсіпкерлерге ершікті тартқыштарды сатып алғанда 4,27 млн теңгеге дейін (құны 18 млн теңге) үнемдеуге мүмкіндік береді. Транзиттік автотасымалдардың болжамды көлемі 2025 жылға қарай 1,5 есе артып, 3,5 млн тоннаны құрайды», - деді ол.

Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы 8 автомобиль транзиттік дәлізі өтеді. Олардың барлығы толық қуатта жұмыс істейді. Жекелеген учаскелер бойынша реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Оларды 2030 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

  • Бірінші дәліз, бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», ұзақтығы 2 747 шақырым. Көлік ағынының артуына байланысты 2023-2030 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі (Мәртөк) ұзақтығы 1 363 шақырым болатын учаскені бірінші техникалық санатқа кезең-кезеңімен ауыстыруды жоспарлап отырмыз.
  • Екінші дәліз - «Алматы – Қарағанды - Нұр-Сұлтан – Петропавл – Қорғандағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 1868 шақырым. 2023 жылы екінші техникалық санатқа ауыстыра отырып, «Алматы-Қарағанды» учаскесін реконструкциялау аяқталады.
  • Үшінші дәліз «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Челябинскідегі РФ шекарасы». Ұзақтығы 860 шақырым. 2023 жылға дейін бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда.
  • Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасының шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Омбыдағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 1 116 шақырым. Қазіргі уақытта «Қытай шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау» учаскесін реконструкциялау жүргізілуде.
  • Бесінші дәліз «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Барнауылдағы РФ шекарасы», ұзақтығы 1210 шақырым. Қазіргі уақытта «Талдықорған – Өскемен» автожолын реконструкциялау жүргізілуде.
  • Алтыншы дәліз – «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Атырау – Астраханьдағы РФ шекарасы». Ұзақтығы 893 шақырым. «Ақтөбе-Қандыағаш») учаскелері бойынша реконструкциялау жүргізілуде. Оны 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.
  • Жетінші дәліз – «Ақтөбе – Орал – Самара». Ұзақтығы 523 шақырым.  Қозғалыс қарқынының артуына байланысты 2030 жылға дейін учаскені реконструкциялап, бірінші санатқа ауыстыру жоспарланып отыр. 
  • Сегізінші дәліз. ТРАСЕКА. Бүгінде Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4016 шақырым болатын ТРАСЕКА көлік дәлізі үлкен сұранысқа ие. Ол Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады.