Украинадан тағы 53 отандасымыз эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінге дейін 900 қазақстандық Украина аумағынан шығарылды

28 наурыз күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19:44-те Польшаның Катовице қаласынан Қазақстанға жетінші репатриациялық рейс ұшып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бортында 53 жолаушысы бар ұшақ Алматы әуежайына қонады», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Айта кетсек, бүгінге дейін 900 қазақстандық Украина аумағынан шығарылды, олардың 743-і Қазақстанға репатриациялық ұшақтармен оралды.

Еске салсақ, бүгін Қазақстаннан Украина азаматтарына арналған гуманитарлық көмектің жаңа партиясы жіберілді. Гуманитарлық жүкті жеткізген «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясының Ил-76 ұшағымен 53 отандасымыз елге оралады.