Петропавл жылу орталығында тағы да апат болды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Нысандағы қондырғылардың 60 пайызға жуығы тозған

Петропавл жылу электр орталығында тағы да апат болды. Салдарынан бірнеше қазандық істен шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенер болсақ, қазіргі таңда мұнда екі қазандық пен екі турбина ғана жұмыс істеп тұр. «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. Бірақ, монополист компаниямен жергілікті әкімдік нақты не болғаны жайында ақпарат таратқан жоқ.

Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура бір апта бұрын мұнда түтін шығатын алып мұржалардың бірі опырылып құлаған еді. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, орталықтың директорымен бас инженері екі айға қамауға алынды.

Төтенше жағдай кезінде 1984 жылғы жұмысшылардың бірі үйінділердің астында қалып, көз жұмған болатын.

Кәсіпорын 1960 жылы іске қосылған. Содан бері кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Нысандағы қондырғылардың 60 пайызға жуығы тозған.

Ал өткен аптада құлаған мұржаның орнына жаңасы салынады. Бұл туралы кәсіпорын басшылығы мәлімдеді. Жаңа мұржаның құрылысы нақты қашан басталары әзірге анық емес. Әуелі, құлаған мұржаның қалған бөлігін алып тастау қажет. Ал жаңасы келесі жылыту маусымына дейін орнатылуы тиіс. Себебі тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін екі мұржа жеткіліксіз, дейді мамандар.

«Мұржаны алып тастау мәселесі бойынша отандық және шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар басқа мұржаларды бастан-аяқ жөндеу жоспары әзірленуде. Өйткені келер жылы тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Мұржалар соңғы рет 2017 жылы жөнделген болатын», - дейді «Севказэнерго» АҚ Бас директоры Михаил Косачёв.

Сондай ақ экологтар апаттан кейін ауаны тексерген болатын. Сараптама қорытындысына сәйкес қоршаған ортаның шамадан тыс ластануы тіркелмепті.