СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін бе: өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі көтеріле бастады

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Шағын өзендердегі мұздың қалыңдығы 45-89 см болса, Есіл өзенінде – 42-88 см

Солтүстік Қазақстанда өзен-көлдер деңгейі көтеріле бастады. Синоптиктер су қоймаларында тәулігіне екі рет бақылу жүргізеді. Мамандардың айтуынша өңірде су тасқыны сәуір айында басталуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өңірде 19 гидрологиялық бекет бар, оның 16-сы Есіл өзені мен оның салаларындағы су деңгейін бақылайды. Синоптик мамандардың айтуынша наурыз айының басынан су қоймаларындағы жұмыс күшейтілген. Себебі мұз еріп, деңгейі көтеріле бастаған. Мамандар көлде балық аулауды  доғару қажеттігін ескертті.

«Бүгінгі күні төтенше жағдай жөніндегі департамент тасқынға қарсы шараларды қолға алды. Су қоймаларында мониторинг жүргізіп жүрміз. Шағын өзендердегі мұздың қалыңдығы 45-89 см болса, Есіл өзенінде 42-88 см, басқа су қоймаларында – 90-98 см аралығында. Мұз күнде жұқарып жатыр. Тұрғындар көлдерге баруды доғаруы шарт», - дейді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Марат Мұратов.

Бүгінгі күні Сергеев су қоймасының 80 пайызға жуығы толған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 86 пайыз болған еді. Су қоймасының сыйымдылығы – 1,3 млрд текше метр.

«Күніне 2 рет тексеріс жүргіземіз. Дәл қазіргі деректер бойынша облыстағы ең төменгі орташа су қоры Тайынша және Ақжар аудандарына тиесілі. Ол жақтағы орташа су деңгейі 16-29 мм құрайды. Ал Аққайың, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында орта есеппен 80-84 мм, облыстың қалған аумағында 50-70 мм», - дейді «Қазгидромет» АҚ СҚО бойынша филиалының инженері Роман Гиричев.

Мамандар болжамынша сәуір айының соңында Есіл өзені арнасынан асып, облыстың бірнеше елді мекені су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 85 ауылды бақылауға алды. Онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Су тасқыны болса жедел әрекет ету үшін полиция және Ұлттық ұлан бөлімшелерін қоса алғанда 475 адам, 134 техника дайын.