Кінәлілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Теміртаудағы футзалшылардың төбелесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысы ПД-нің баспасөз қызметі мәліметінше, кінәлілерге 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері төбелеске қатысушылардың барлығын анықтады. Турнир әуесқой футзал командалары арасында ұйымдастырылды. Ойын кезінде спортшылардың бірі ереже бұзып қарсылас команданың ойыншысын итеріп жіберді. Мұны көрген команда мүшелері өз ойыншысына жақтасты. Ойын соңы төбелеске ұласты",- делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 293-бабы, 2-бөліміне ("Адамдар тобы жасаған бұзақылық") сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысушылардың барлығына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.