Мақтаарал ауданында нөсер жауынның салдарынан 16 елдімекенде су деңгейі көтерілген
Мәжіліс депутаттары Қайнар Абасов, Берік Бекжанов, Сырым Ертаев және Ғани Ташқараев Түркістан облысындағы су алған елдімекендерге барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында нөсер жауынның салдарынан 16 елдімекенде су деңгейі көтерілген. «Қазгидромет» мәліметінше, 11-18 наурыз аралығында жауын-шашынның мөлшері 87,7 мм болды, ал орташа айлық нормасы 51 мм құрайды. Осының салдарынан Сырдария өзенінің жер асты су деңгейі көтерілген. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша, Сырдария өзенінің деңгейі соңғы аптада үш еседен асқан. Шардара су қоймасында 5 млрд текше метр су жиналып, Сырдария өзенінің арнасымен Қызылорда облысының және «Көксарай» контррегуляторына су ағызылуда.
Төтенше жағдайлар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің бірлескен әрекетінің нәтижесінде су тасқынының салдарын алдын алды.
Депутаттар сапар барысында дренаждық коллектордың, су тасқынының зардаптарын жою жұмыстарымен таныстып, апат салдарын жою жөніндегі аудандық штабтың жұмысына қатысып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Қайнар Абасовтың айтуынша, өңірде көтерілген негізгі мәселелер – тік дренаждардың тапшылығы және жер асты суларын ағызуға арналған көлденең дренаждардың нашар жағдайына байланысты жер асты суларының жоғары деңгейі. Сондай-ақ, «Қазводхоз» филиалында тік дренаждарды күтіп ұстауға және жөндеуге қаражаттың жоқтығы. Мекеменің электр қуатының қаржысын төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Су тасқынынан болған залалды жою жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырып, коммерциялық кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіруге қаржы қарастырылмаған.
Өз кезегінде, депутаттар аталған мәселелерді ерекше бақылауға алып, Парламентте талқылайтындарын айтты.