Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл нысандар жекешелендіруге жатпайды
Энергетика министрлігі Өскемен және Шүлбі ГЭС-тің гидротехникалық құрылыстары жекешелендірілмейтінін және сатылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Өскемен және Шүлбі гидроэлектростанциясының гидротехникалық құрылыстары мемлекет меншігіндегі стратегиялық нысан болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл нысандар жекешелендіруге жатпайды, осыған байланысты оларды сату мәселесі қаралмайды", - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Үкімет бұл ГЭС-терді сенімді басқаруға, оның ішінде инвестициялық міндеттемелер жүктелген жағдайда жеке компанияларға беру мәселесін қарастыра алатынын айта кеткен жөн.
"Су электр станцияларының қызметі меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының Электр энергетикасы саласындағы заңнамасына және су заңнамасына сәйкес су-шаруашылық баланстарын ескере отырып, Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс режимдерін қатаң сақтай отырып реттеледі", - деп толықтырды Энергетика министрлігі.