Шетелдік банкке 5,9 трлн теңге берешегі бар «Самұрық-Қазына» Jusan Bank-ке 100 млрд теңге қарыз берген
Jusan Bank мемлекеттен ешқандай себепсіз 0,1%-бен қаражат алған, ал банктің өзі халыққа несиені 20 пайызбен беріп отыр

Jusan Bank 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген есебін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Онда банк акционерлері 2020 жылы мемлекеттің қаржылық қолдауы есебінен банктен дивиденд ретінде 113 миллиард теңге шығарып алғаны және басқарма құрамына кіретін басшылары бір жылда жалақы, бонус, премия түрінде банктен шамамен тағы 15 миллиард теңге пайда көргені жазылған.
Біріншіден, банк есебінде 9% мөлшерлемемен 2025 жылға дейін 100 млрд теңге сомаға реттелген облигациялар шығарғаны хабарланған. Сол кезде номиналды мөлшерлеме 13,8% болған еді, бірақ «Самұрық-Қазына» аталған банкке несиені 9% берген. Еске сала кетейік, сол тұста қорды Ахметжан Есімов басқарған болатын.
Екіншіден, Jusan Bank АТФ Банкті сатып алу үшін Қазақстанның тұрақтылық қорынан 2045 жылға дейін 4%-дан 0,1%-ға төмендетілген мөлшерлемемен ақша алған. Қазақстанның тұрақтылық қоры Ұлттық Банкіке қарайды. Яғни, Jusan Bank мемлекеттен ешқандай себепсіз 0,1%-бен қаражат алды деген сөз. Ал банктің өзі халыққа несиені 20 пайызбен беріп отыр. Бағалы қағаздар бойынша номиналды мөлшерлеме мен әділ құн арасындағы айырма – 110,6 млрд теңге, ал АТФ Банкті сатып алудан түскен жиынтық табыс 170,6 млрд теңге болған.
Үшіншіден, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 3-сатыдағы және жұмыс істемейтін кредиттерінің үлесі 1,4 трлн теңгені яғни барлық несиенің 50,1%-ын құрайды. Бұл дегеніміз банк портфелінің жартысынан көбі жұмыс істемейді дегенді білдіреді.
Төртіншіден, қорытындысында бір жыл ішінде Jusan Bank-тің топ-менеджерлеріне төлем 8,5 есе өскенін байқауға болады. Банк акционерлері яғни, басқарушы персонал 2020 жылы 15 млрд теңгені бонус ретінде алған, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 8,5 есе жоғары. Jusan Bank акционерлеріне дивидендтердің жалпы сомасы 70 млрд теңгеден асты.
Аудиттелген қаржылық есепте 2020 жылғы жағдай бойынша банктің түпкі қожайыны «Назарбаев қоры» жеке қоры екені және қор банкті «First Heartland Securities» инвестициялық тобы арқылы бақылайтыны жазылған.