Ұлттық ұлан 44 млн теңгеге, Әскери институт 36 млн теңгеге сағат сатып алмақ

Автор: Azattyq Rýhy

Сағатты алда келе жатқан 7 мамыр мерекесі үшін тапсырыс беруі мүмкін

ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімшесі жалпы құны 44 330 350 теңгені құрайтын 993 дана ерлер механикалық сағатын сатып алуға конкурс жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әр сағаттың құны 44 643 теңге. Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған конурстың құжатында тапсырыс беруші сағатта Ұлттық ұланның рәмізі басылуы және табиғи былғары бау болуы тиіс, сол сияқты Елтаңба бейнеленіп, «Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі» деген жазуы бар әр сағат жеке қаптамада болуы керек екені атап өтілген.

«Қабылдау кезінде сатып алу шарттарына сәйкес сағаттың сапасына сатушы есебінен толық сараптама жүргізіледі. Әрбір көшірме өнімнің төлқұжаты және 12 ай мерзімге кепілдік талоны бар түпнұсқалық қаптамаға оралуы керек», - делінген құжатта.

Сонымен қатар, сағат сатып алуға Қазақстан Ұлттық ұланының Әскери институты да тапсырыс берген. Олар жалпы құны 36 160 716 теңге болатын 810 дана механикалық қол сағатын сатып алуға ниетті. Әр сағаттың құны 44 643 теңге болады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімінің «талғамына» қарағанда Әскери институтың талабы жоғары болып шықты.

«Қоңыр реңктегі шынайы былғарыдан жасалған бау, алтын түстес қорап, сызаттардан сапфир жабыны бар рефлексияға қарсы шыны, жезден жасалған ақ циферблат. Қаптаманың іші де, сырты да қара эко-былғарыдан жасалған болуы керек»,- делінген тапсырыс құжатында.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Әскери институт сағатты алда келе жатқан 7 мамыр мерекесі үшін тапсырыс беруі мүмкін.