БҰҰ-ның халықаралық соты: Ресей Украинадағы әскери операциясын тоқтатуы керек

Автор: Azattyq Rýhy

Зеленский сот шешімін Ресейге қарсы істегі «Украинаның толық жеңісі» деп атап өтті

Фото ашық дереккөзден

Гаагадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) халықаралық соты Украинаның Ресейге қатысты шағымы туралы шешімді жариялады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Шешімді оқи отырып, төрағалық етуші судья Джон Донохью сот Ресей Федерациясының Украинаға қатысты күш қолдануына қатты алаңдайтынын, бұл халықаралық құқықтың өте маңызды мәселелерін көтеретінін айтты.

«Сот мынаны талап етті: Ресей Федерациясы 2022 жылдың 24 ақпанында Украина аумағында бастаған әскери операциясын дереу тоқтатуы керек», - делінген сот хабарламасында.

Өз кезегінде Ресей Халықаралық Соттың тыңдауын өткізіп жібергенін айтты. Артынша Ресей тарапы сот ешқандай шара қолданбауы керек деген жазбаша құжат берді.

Украина президенті Владимир Зеленский өз кезегінде сот шешімін Ресейге қарсы істегі «Украинаның толық жеңісі» деп атап өтті.

«Украина БҰҰ халықаралық сотында Ресейге қарсы өз ісінде толық жеңіске жетті. Халықаралық сот шабуылды дереу тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бұйрықтың халықаралық құқыққа сәйкес міндетті күші болады. Ресей бұл талапты дереу орындауы керек. Бұйрықты елемеу Ресейдің одан да оқшаулануына әкеледі», - деп жазды Владимир Зеленский.