Түркістан облысындағы қарттар үйінде 80 жастан асқан қариялар шаңырақ көтерді
Олар облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатыр
Түркістан облысындағы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан қария кісілер шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Қарттар үйіне 2010 жылдың қазан айында келдім. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Әйелімді жақсы көремін, сыйлаймын. Менің барлық жағдайымды жасайды. Бос уақытымызда бірге теледидар қараймыз, әңгімелесіміз. Жалғыз болсаң ішің пысады. Екі адам болса көңілдірек. Ал балаларымды сағынамын, әрине. Бүгінге дейін зейнетақымды жинап оларға жіберіп отырамын», - зейнеткер Өмірәлі Бектасұлы.
82 жастағы Өмірәлі Бектасұлының жұбайы өзінен 4 жас кіші. Екі жарты бір бүтін болған ерлі-зайыптылар бүгінде бақытты өмір сүріп жатқандарын айтады. Әрі уақытымыз өте көңілді өтеді дейді.
Бүгінде балалар үйінде тәрбиеленген апаның жарынан басқа ешкімі жоқ. Қарттар үйін паналаған ол жолдасын кезіктіргеніне қуанышты екенін айтты.
«Мен балалар үйінде өскенмін. Басқа ешкімім жоқ. Бір қызым болған, бірақ кішкентай кезінде қайтыс болды. Ал қазір біз жақсы өмір сүріп жатырмыз. Мүлде ұрыспаймыз. Енді отбасы болған соң сөзге келіспей қалатынымыз бар. Бірақ арасында ғана. Жалпы бір-бірімізді сыйлаймыз. Жақсы көреміз. Ол өте қамқор, үнемі мені уайымдап жүреді. Әрі тазалықты жаны сүйеді», - дейді апа.