Қаңтардағы тәртіпсіздік: ұсталған шетелдіктердің басым бөлігі Өзбекстан азаматтары

Автор: Әсел Оршыбекова

«Дикий Арманның» бірнеше сыбайласына іздеу жарияланды

Фото ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде 19 шетел азаматы ұсталды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан шетел азаматтары елімізде еңбек мигранттары негізінде жұмыс істегендер. Мұндай мәлімдемені Бас прокуратураның өкілі хабарлады. 

«Қылмыстық өндіріс бойынша 19 шетелдік азамат ұсталды. Оның 11-і Өзбекстан, 4-еуі Ресей, 2-еуі Қырғызстан, 1-еуі ҚХР-дан, 1-еуі Тәжікстан азаматы. Олар қылмыстық іс-әрекеттері мен ұрлық жасау фактісі бойынша ұсталғандар. Бұл мәліметтер түпкілікті емес. Тергеу жүріп жатыр, өзгеруі мүмкін», - деді Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.

Бұдан бөлек қоғам арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал болған Арман Жұмагелдиевтің жақтастарына қатысты да мәлімет айтылды. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаровтың айтуынша, Жұмагелдиевтің бірнеше сыбайласына іздеу жарияланған.

«Арман Жұмагелдиевке тоқталсақ, оның тобындағы 14 адам ұсталған. Қазір олар қамауда отыр. Үшеуі іздеуде. Олар қару қолдану және тағы да қосымша қылмыстық іс-әрекеттері бойынша айыпталып отыр. Қазір ол (авт. Арман Жұмагелдиев) және оның сыбайластары тергеу абақтысында қамауда отыр», - деді  Ризабек Ожаров.