«Қаңтар оқиғасы»: азаптау бойынша 220 іс тергеліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тергеу жүргізгендердің көбі маска мен каска таққан

Фото ашық дереккөзден

Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін, құқық қорғау органдарына күштік құрылымдардың қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастады. Аталған арыздар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурадан (48) және ІІМ (77) 125 қылмыстық іс келіп түсті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 109 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Нәтижесінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 234 (249 эпизод) қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуде (азаптау – 220, билікті асыра пайдалану – 14). 11 арызданушының оларды жоғары температураны қолдана отырып, азаптау фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде барлық кешенді жедел-тергеу іс-шаралары уақытылы өткізілді. Нәтижесінде, арызданушылар оларға қатысты тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған полиция қызметкерін таныды», - деді ол.

Барлық дәлелдемелер бекітілгеннен кейін, аталған қылмыстық іс арнайы прокурорларға берілді. Сонымен қатар арнайы прокурорларға адамның қайтыс болу фактісімен тіркелген 8 қылмыстық іс берілгені де айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңға қарсы әрекеттері туралы куәландыратын объективті деректер анықталмағандықтан, іс-әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты 7 қылмыстық істі тоқтатылғаны болды.

«Көптеген арызданушылар тергеу жүргізгендердің көбі маска таққанын және каскада болған айтты. Тиісінше олардың тіпті жүздерін де көрмеген, аттарын да білмейді. Қазір, тергеу арызданушылар мен куәгерлер берген ірілі-ұсақты айғақтар және бейне-бақылау камераларынан сақталған жазбалар арқылы қаңтар оқиғасын егжей-тегжейлі зерделеуде. Бұл жұмыс бейне-бақылау камераларының жұмыс істемеуі, бұзылып қалуы себепті қиындық тудырып отыр», - деді Олжас Бектенов.