Паралимпиада ойындарын 5-орынмен аяқтаған спортшымыз қанша сыйақы алады

Автор: Azattyq Rýhy

Жоғары нәтиже көрсеткені үшін қазақстандық спортшының мемлекеттен алатын ақшалай сыйлығы арта түспек

Фото: vesti.kz

Бейжіңде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Александр Герлиц 10 шақырымға шаңғымен тұрып жарысуда мәреге 5-ші болып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Герлиц мәреге алғашқы болып жеткен қытайлық Ван Чэньяннан 2 минут 3,2 секундқа қалып қойды. Екінші орын француз Б.Давиетке, үшінші орын қытайлық Цай Цзюньге бұйырды», - деп жазады Рrosports.kz басылымы.

Осылайша, қазақстандық Александр Герлиц 2022 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарында жекелей сында өз өнерін аяқтады.

Айта кетейік, осы жоғары нәтижесі қазақстандық спортшыға Паралимпиадада көрсеткен өнері үшін мемлекеттен берілетін ақшалай сыйлықты 105 мың долларға дейін (қазіргі бағам бойынша шамамен 54 миллион теңге) арттыруға мүмкіндік берді.

Паралимпиада ойындарының қола жүлдесі үшін А. Герлиц 75 мың доллар, спринтте шаңғы жарысы, 12,5 шақырымдық биатлон және шаңғы жарысы бойынша 12 шақырымға жүгіру бойынша 5-орын алғаны үшін тағы 10 мың доллар алады.