Алаяқ Жамбыл облысының тұрғынын 3 млн теңгесіз қалдырды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады

Фото ашық дереккөзден

Алаяқ Жамбыл облысының тұрғынын 3 млн теңгесіз қалдырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Осындай өтінішпен полицияға Талас ауданы Ақкөл ауылының 32 жастағы тұрғыны шағымданды. Ол белгілі бір ер адам 2021 жылдың қазан айында Toyota Camry заңсыз тіркелген автокөлікті сатуға көмектесу мақсатында оның 3 млн теңге ақшасын иемденіп кеткені туралы хабарлады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Меркі ауданының 36 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Жамбыл облысының Полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмау үшін қолданыстағы заңды айналып өту жолдарын іздемей, керісінше заңнама талаптарын орындауды және барлық қызметтерді мемлекеттік органдардан алу қажеттігін ескертеді.