Елімізде мектеп түлектері арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс артты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл мектеп оқушылары арасындағы олимпиада кезінде белгілі болды

Биыл жастар арасында педагогикалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс артты. Қазақстандық мектеп және колледждердің 7685 түлегі республикалық SPT-2022 олимпиадасына қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл олимпиадаға қатысушыларарасында екі шет тілі, IT және Бизнес мектебі мамандықтарына қызығушылар көп. Алайда, 8 жылда алғаш рет түлектер арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс артты.

Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша I кезеңде 25 ұпайдан жоғары жинаған 3284 қатысушы өтті. Олар 50 логикалық сұраққа онлайн түрде жауап берді. Білім додасының ІІ кезеңі офлайн форматта 13 наурыз күні сағат 11:00-де еліміздің 17 қаласында бір уақытта өтеді. Қатысушылар тестілеуді Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған, Түркістан қалаларында тегін тапсырады.

ІІ турда бейіндік пәндер бойынша 100 тест тапсырмасын орындауға 150 минут, яғни 2,5 сағат уақыт беріледі. Олимпиадаға қатысу арқылы грант ұтып алған түлектер ҰБТ-да шекті балды міндетті түрде жинауы тиіс.

SPT олимпиадасы арқылы СДУ-ға Халықаралық құқық мамандығына грантқа түскен Дидар Беренбаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

«2018 жылы олимпиадаға қатысып білімімді сынап көрдім. Нәтижесінде 100% грант иегері атандым. Олимпиаданың арқасында еліміздің үздік университеттерінің бірінде грант аз бөлінетін «Халықаралық қатынастар» мамандығын тегін оқып жатырмын. Қатысушыларға айтарым, SPT – білім деңгейіңді анықтауға және ҰБТ алдында сенімділікті арттыруға таптырмас мүмкіндік. Өзіңе және ақылың мен біліміңе сен», –  деді 4 курс студенті.