Мемлекеттен көмек алып беремін деп түркістандықтарды алдаған әйел Шымкентте ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынды

Фото ашық дереккөзден

Мемлекеттен көмек алып беремін деп түркістандықтарды алдаған әйел Шымкентте ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол жақын таныс емес әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни, мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз қаражат шығаруға көмектесетінін айтқан алаяқ тұрғынның ақшасын алған соң жоқ болған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 300 мың теңгені құрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті Шымкент қаласынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті, яғни Шымкент қаласының тұрғыны бұған дейін де алаяқтық жасап, сотты болған. Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.