Қазақстан мен Әзербайжан екі ел арасындағы әуе рейстерін арттыруға ниетті – ИИДМ

Azattyq Rýhy

Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктері талқыланды

Қазақстан мен Әзербайжан екі ел арасындағы әуе рейстерін арттыруға ниетті – ИИДМ

Бакуде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігінің өкілдері арасында кездесу өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) биылғы тасымал көлемі, теміржол учаскелері және Каспий теңізі арқылы өткізу мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, шекаралық өткізу бекеттері мен теңіз порттарының әлеуеті, қосымша жүк ағынын ТХКБ-ға бағдарлау үшін қолайлы жағдайлар жасау жайы сөз болды.

«Жобаға қатысушылар арасында бірлескен кәсіпорын және аталған бағытты дамыту үшін Орта дәліз құру мәселесі қозғалды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев отандық экспорттаушылардың жүктерін осы бағытқа бағдарлау жайына тоқталып, еліміз қазірдің өзінде экспортқа бағытталған жүктің 2 млн тоннасын тасымалдауға дайын екенін атап өтті. Бірлескен кәсіпорын құру арқылы тарифтерді белгілеу және жүктерді декларациялау мәселелерін шешуге, бірыңғай IT шешімдерді қолдануға және транзиттік жүктерді шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Берік Камалиев сонымен қатар ТХКБ бағытында автокөлікпен жасалатын жүк тасымалдарын бірлесіп дамытуды ұсынды. Кездесу қорытындысында тараптар транзитті дамыту жөніндегі жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдады. Ол бірлескен кәсіпорын құрумен жедел айналысады», - делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, вице-министр Берік Камалиев Әзербайжан тарапына екі ел арасында қатынайтын әуе рейстері санын көбейту мәселесін қарастыруды ұсынып, Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәбиев оған қолдау білдірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.