Шымкентте 70 жастағы кейуана вагонды мекен етіп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал кейуана  2014 жылдан бері баспана кезегінде тұр

astana.tv

Шымкентте 70 жастағы кейуана  вагонда тұрады.  Қалайзада Рүстемованың темір үйшікті мекен қылғанына он жылға таяпты. Бұл туралы Астана арнасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалғызбасты қария  қыста тамыр-таныстың үйін паналаса, көктемнен қара күзге дейін вагон үйшікте күнелтетінін айтады. Онда бірақ не су, не жарық жоқ. Тіпті  тамақ әзірлейтін мүмкіндік жоқ дейді. Ал кейуана  2014 жылдан бері баспана кезегінде тұр.  Тоғыз жылдан бері әлі бұйырар емес дейді. Вагон ішінде электр энергиясы жоқ. Ас әзірлейтін газды қосуға тыйым салынған.       

Кейуана 2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Азаматтық алғанымен баспаналы болуға қаржысы жетпеген көрінеді. Кісі есігін сығалағаннан жақсы ғой деп осы вагонды сатып алыпты. Бірақ осынша жыл пана қыламын деп мүлдем ойлаған жоқпын дейді.  

Кейуанаға пана болған темір үйшік Шымкенттің өзінде бір емес бірнеше орын ауыстырып үлгеріпті. Қалайзада апа бос тұрған учаскелерге баспанасын ақшасын төлеп, сүйретіп жеткізетінін айтады. Алайда жер иелерінің көпшілігі вагонды өз ауласында қалдыруға келісе бермейді дейді.

Қарияның өзі  құзырлы орындардың табалдырығын  тоздырған.  Тек құр сөзбен шығарып салады дейді. Айтуынша, соңғы рет әкімдіктегілер 2020 жылдың күзінде пәтер береміз деп қуантқан көрінеді. Одан бұрын да жатақханадан орын бергенмен бөтен отбасымен қосақтап қойыпты. Ал тұрғын үй басқармасындағылар кейуанаға бір емес бірнеше баспана ұсынғандарын айтады.

 «Коммуналдық тұрғын үй қорындағы жатақханаларда бұл кісіні жеке тұрғызатындай бір бөлмелі бос пәтер жоқ. Бірақ сол жатақханадан бізде  төрт бөлмелі  пәтердің бір бөлмесін босатып осы кісіге ұсындық. Екі апа бір-бірімен шүйіркелесіп әңгімелесіп отырсын, сол бөлмеге сізді көшірейік деген ұсыныс жасадық. Алайда Қалайзада апамыз әлі өзінің келісімін берген жоқ», - деді Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының бас маманы Гүлима Байсейітова.

Ал басыбайлы пәтер кезегі келгенде ғана  беріледі. Алдында 1 479 адам бар. Сондықтан тым болмағанда қазір тұрып жатқан темір үйшігін жөндетіп беру жағын ойластырып жатыр.