Қазақстанда екі айда 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді

Автор: Azattyq Rýhy

Антикор басшысы Президентке есеп берді

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы атқарған жұмысының нәтижелері және резонанс тудырған қылмыстық істердің тексерілу барысы туралы есеп берілді.

Ұсынылған деректерге сәйкес 2 айдың ішінде 240 адамның, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді. Олардың қатарында 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «тазалығын» қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндалды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы мәлімет берілді. Салалық ведомство жетекшесінің айтуынша, ақпан айында Парламент Мәжілісі негізсіз байығаны үшін жауапкершілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметтерінің жұмысына, сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың дербес жауапкершілігі институтын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта «follow the money» қағидаты бойынша қаржылық тергеуді дамытуға, пара беру жөнінде уәделесуге және пара ұсынуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізуге және сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы пысықталып жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.