Ақтөбеде жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған әйелді сот бас бостандығынан айырды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол о баста 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған

Ақтөбеде жаза өтеу тәртібін бірнеше мәрте бұзған әйел бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Хромтау тұрғыны азаматша К.А. ұрлық жасағаны үшін Ақтөбе облысы бойынша Байғанин аудандық сотының үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына сотталып, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметіне есепке алынған болатын.

Есепке алынған күннен бастап пробация қызметкерлері азаматша К.А.-мен жаза өтеу талаптары мен тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ есепте тұрған азаматша пробация қызметкерлерінің талабына құлақ аспай, ішімдік ішіп, жаза өтеу тәртібін бұзады.

2019 жылдың қараша айында Мұғалжар аудандық сотының қаулысымен жазасы 3 жыл 3 ай 21 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған есепте тұрған азаматша жазасын Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеді.

Алайда 2021 жылдың ақпан айында Атырау қаласының №2 сотының қаулысымен есепте тұрғанның жазасының өтелмеген бөлігі 2 жыл 15 күнге бас бостандығанан шектеуге кері ауыстырылды. Соған қарамастан, сотталған әйел К. А. өзіне берілген мүмкіндікті ескермей және өзімен жүргізілген профилактикалық жұмыстардан нәтиже шыгармай, жаза өтеу тәртібін бұзуды жалғастыра берген.

«Есепте тұрған әйел Пробация қызметінің тарапынан өзіне берілген ескертулерге қарамастан, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, ол үшін бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, пробация бақылауына тіркелуге келмей, жасырынып, жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары кезінде ғана қолға түскен», – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Жоғарыда аталғандарға байланысты Хромтау аудандық пробация қызметі жаза өтеу тәртібін бірнеше мәрте қаскөйлікпен бұзғаны үшін сотталған К. А.-ның бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс жолдаған болатын.

Аудандық сот пробация қызметінің ұсынысын толығымен қанағаттандырып, сотталған К. А.-ның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстырды.