«Өмірімде мұндай сұмдықты көрмеппін»: Украинадан эвакуацияланған Air Astana әуе компаниясының президенті

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Питер Фостер қазақстандықтарды елге әкелу үшін Киевке арнайы барған

Фото: Әсет Құндақбаев

Бүгін түнде Қазақстанға Украинадан эвакуацяиланған отандастарымыз келді. Жолаушылардың қатарында Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер де бар. Азаматтарды репатрациялау жұмысына қатысу үшін арнайы Киевке ұшып барған Фостер соғыс аумағындағы ахуалдың нашар екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз өз көзімізбен соғыстың қалай жүріп жатқанын көрдік. Өткен түнді елшілікте өткіздік. Ал ертеңінде таңғы 7:00-де 15 машинадан құрылған конвой Львовқа бағыт алды. Бұл өте ұзақ жол болды, себебі, қауіпсіз жолдармер жүріп отыру қажет еді. Бұл сапарға 18 сағатымыз кетті. 100 шақырым жерді жүру үшін 7 сағат жұмсадық. Сағат 5:30-ға қарай елден кетуге тізіліп тұрған Польша шекарасына жеттік. Шекараға дейінгі 19 шақырымға 12 сағат кетті, шекарадағы жағдай өте қиын. Өмірімде мұндай сұмдықты көрмеппін және енді көрмеймін деген үміттемін. Шекарада сан мыңдаған үрейлі адам Еуропаның басқа елдеріне өту үшін тәуліктеп кезекте тұр. Біз кезекте 12 сағат тұрдық. Осындай қиын-қыстау кезеңде атқарып жатқан орасан жұмысы үшін елшілік қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Оның ішінде Сергей Канамаловқа, Асылбек, Думан есімді қызметкерлерге алғысым шексіз. Бүгінгі рейспен елге 175 азамат, бір ит және мысық келді. Ертең түстен кейін екінші рейс Польшаға аттанады», - деді ол.

Әуе компанияның президентін күтіп алуға жұбайы Татьяна да келген. Ол күйеуінің соғыс аумағынан аман-есен жеткенін көріп, қуаныштан көз жасын ұстай алмады.

«Біз жарты сағат сайын байланыста отырдық. Жағдайды жеңіл өткеру үшін желіде сәт сайын жазба жариялап отырдым. Балаларымның көңіл-күйі болмады. Аяқастынан күйеуіме бір жағдай болса, балаларымызға «әкелерің батыр, отандастарымызды елге жеткізумен айналысу оның таңдауы болды» деп айтамын ба дегенді ойлап, уайымнан арыла алмадым», - деді ол.

Айта кетейік, әуежайға келген жолаушыларға қажет болса жедел көмек көрсету үшін медицина мамандары кезекшілікте тұрды. Шекарада тағы 99 отандасымыз өз кезегін күтуде, олармен бірге Киевтегі ҚР елшілігінің дипломаттары бар.