Шекарада тағы 99 отандасымыз өз кезегін күтуде, олармен бірге Киевтегі ҚР елшілігінің дипломаттары бар
Бірнеше минут бұрын Алматы әуежайына Украина-Польша шекарасын кесіп өткен 175 азамат келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы әуежайына келген отандастарымыздың көпшілігі Украинада оқитын студенттер және жұмыс бабымен жүргендер. Арасында қыдырып барған қазақстандықтар да жоқ емес. Байқағанымыздай, жолаушылардың көпшілігі шаршаған. Бірақ елге келіп, жақындарымен қауышып жатқанына қуанышты.
«Киевке осыдан төрт күн бұрын достарыма қыдырып барған едім. Аяқастынан соғыс басталып кетті. Қазақстан елшілігі СМС арқылы арнайы нұсқаулық жіберіп, қандай әрекет жасау керек екенін нұсқап отырды. Әрине, қорқыныш, қобалжу болды. Елшіліктің жақсы жұмыс істеуінің нәтижесінде елімізге аман-есен жеттік», - дейді Мұстафин Шоқан
Ал алматылық Дастан Тұрлыбеков 6 жасар ұлымен бірге осыдан 10 күн бұрын іссапарға кеткен жұбайын күтіп алуға келген.
«Дәл қазір қобалжып тұрмыз. Келіншегім шетелдік компанияда жұмыс істейді. Осыдан 10 күн бұрын жұмыс барысымен Киевке кеткен болатын. Бүгін алғашқы рейспен елге оралды. Алғаш соғыс туралы ақпаратты естігенде уайымдадық. Бірақ WhatsApp арқылы хабарласып тұрдық. Алғашқы күндері хабарласу қиындық туғызды, оның үстіне уақыт жағынан айырмашылық бар. Жолда жүргенде күніне бір рет қана хабар алып отырдық. Польша шекарасына бір күн бойы жете алмады, одан шекарада бір тәулік кезекте тұрған», - деді Дастан.
Айта кетсек, шекарада тағы 99 отандасымыз өз кезегін күтуде, олармен бірге Киевтегі ҚР елшілігінің дипломаттары бар. Польшадағы ҚР Елшілігі азаматтарымыздың шекарадан өтуін қамтамасыз ету үшін Польша тарапынан шекарада дипломаттардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялауға қатысты жағдайды жіті қадағалап отыр.