Елордада 480 мыңнан астам адам COVID-19-ға қарсы қарсы екпенің екі компонентін алды

Автор: Azattyq Rýhy

Екпенің екінші компонентін алған 284 814 адамның вакцинациядан өткеніне 6 ай толды

Фото ашық дереккөзден

Коронавирустық инфекция көрсеткішінің төмендегеніне және елордада карантиндік шаралардың жеңілдетілгеніне қарамастан індет әлі де айналымда бар әрі мутацияға ұшырауы мүмкін. Вакцинация COVID-19-дан қорғанудың жалғыз жолы болып қала береді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың мәліметінше, қалада вакцинаның алғашқы компонентін тұрғындардың 71,6%-ы, ал екі компонентін 67,5%-ы алды.

Осылайша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша вакцинаның бірінші компонентін 509 853 азамат алды, ал иммундаудың толық курсынан 481 177 тұрғын өтті.

«Алайда, екпенің екінші компонентін алған 284 814 адамның вакцинациядан өткеніне 6 ай толды және оларға иммунитетін бекіту үшін шұғыл түрде ревакцинациядан өту қажет. Қазіргі уақытта тұрғындардың 31,9%-ы ревакцинациядан өтуі тиіс.

Елордада Pfizer препаратымен вакцинациялауға жататын контингенттің 16 мыңға жуығы толықтай екпе алды. Вакцинаның толық курсын алғандар арасында бірінші орында – 12 жастан асқан балалар мен 9876 жасөспірім, одан кейін бала емізетін аналар – 5673 және жүкті әйелдер – 361», – деп хабарлады елорданың санитарлық дәрігері.

Сарапшылар қыс айларында адамның иммунитеті әлсірейтінін, оны нығайту үшін витаминдеу, ал коронавирустық инфекциядан қорғану үшін ревакцинация қажет екенін айтады. Мына нәрсені түсіну керек: ұжымдық иммунитеттің деңгейі мен ұзақтығы екпе алған адам санына байланысты болады. Бұл өз кезегінде вирустың одан әрі айналымы мен мутациясына, сондай-ақ індеттің қайта өршуіне мүмкіндік бермейді.