Ұшақ Атырау қаласынан ұшып шықты
Украинадағы Қазақстан азаматтарын елге жеткізу үшін 179 орындық ұшақ Польшаға аттанып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Украинадағы жағдайға байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚР Сыртқы істер министрлігімен, ҚР Украинадағы және Польшадағы елшіліктерімен, сондай-ақ Air Astana әуе компаниясымен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін Украинадан репатриациялық рейс ұйымдастыру мәселесін пысықтады.
«28 ақпанда Қазақстан азаматтарын шығару бойынша «КС 2203» бірінші рейсі Атырау қаласынан Катовице қаласына (Польша) Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 09:53-те ұшып кетті. Әуе кемесінің типі – А321, сыйымдылығы – 179 орын. Аталмыш ұшақ Катовице қаласынан Атырауға кері қарай 28 ақпан күні Катовице уақыты бойынша сағат 10:30-да ұшып шығуы керек», - делінген ведомство хабарламасында.