Ақмола облысында ер адам 15 жыл бұрын анасының атынан несие рәсімдеп, ақшасын жұмсап жіберген
58 жастағы әйел несиесі бары туралы 15 жылдан кейін білген
Атбасар ПБ криминалдық полиция қызметкерлері 15 жыл бұрын жасалған қылмысты ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылдың 28 желтоқсанында Атбасар ауданының полиция бөліміне Атбасар қаласының 58 жастағы тұрғыны 2006 жылдың қазан айында белгісіз біреу оның атына 237 мың теңге көлемінде несие ресімдегені туралы арызбен жүгінді.
Оның айтуынша коллекторлар қоңырау шалғаннан кейін ғана банкке қарыз екенін білген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жәбірленушінің құжаты арқылы несиені оның 1985 жылы туған баласы ресімдегені анықталды. Жас жігіт несие қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Алайда бұл жайлы ата-анасына айтпаған.
ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Ақмола полицейлері азаматтарды сақ болуға шақырады. Өзгелердің құрбанына айналмас үшін, қауіпсіздік мақсатында несие тарихыңызды үнемі тексеріп тұрыңыз. Бұл алаяқтық жағдайларын тезірек анықтауға көмектеседі. Алаяқтар жарамсыз құжаттар, әсіресе жоғалған жеке куәлік арқылы несие рәсімдей алады. Сондықтан құжат жоғалған жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарына (ХҚО) дереу жүгініп, жоғалғаны туралы растайтын анықтама алу керек. Ал картаңызды жоғалтсаңыз дереу банкке хабарласыңыз», - делінген облыстық ПД хабарламасында.