Қала тұрғындарының коммуналдық мекеме алдындағы дебиторлық қарызы 250 млн. теңгеден асып кеткен
Петропавл қаласын жылу және жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Севказэнергосбыт» серіктестігі сот арқылы борышкерлердің пәтерін тартып алуға кірісті. Тұтынушылардың бірі 69 469 теңге қарызы үшін баспанасынан айрылды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қала тұрғындарының коммуналдық мекеме алдындағы дебиторлық қарызы 250 млн. теңгеден асып кеткен. Монополист компания қызмет ақысын өндіріп алу үшін борышкерлердің мүлкіне сот арқылы шектеу қоюда. Одан кейін пәтерлер тәркіленіп, аукционға шығарылады.
«Қарызы бар тұтынушыларға алдымен ескерту жасаймыз. Сол уақытта олардың банктегі шоттары, қолма-қол ақша көлемі, жұмыс орны, зейнетақы жарнасы тексетіледі. Мүлкіне шектеу қоямыз. Жалпы сомасы 20 АЕК-тен асатын қарызды өтеу уақыты созылып жатса, Қазақстан аумағынан шығуға шектеу қойылады», - дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС заң бөлімінің бастығы Максим Пусев.
Іс мұнымен бітпесе, борышкерлердің мүлкі тәркіленіп, аукционға шығарылады. Жыл басынан бері 6 адам пәтерінен айрылған. Компания басшылығы мұндай қадам жасауға қаржы тапшылығы мәжбүрлеп отырғандығын айтады.
«Егер тұтынушының материалдық жағдайы қиын болса, біз арнайы кесте жасап, төлем сомасын белгілейміз. Барлығына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Әр адам жарық пен жылу өздігінен келмейтінін ұғынуы тиіс. Компанияның жылу және электр энергиясын өндіру, қондырғыларды жаңалау, шикізат сатып алу сынды тағы басқа шығындары бар. Қаржы тапшылығы бізді несие алуға мәжбүрлейді. Бұл тарифтің көтерілуіне түрткі болады», - дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының м.а Мағауия Сағындықов.
«Севказэнергосбыт» серіктестігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл соңына дейін тағы да қарызы көп 3 тұтынушы пәтерінен айрылуы мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО