Айыппұл төленбеген жағдайда іс сот орындаушысына мәжбүрлеп орындату үшін жіберілетін болады
2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша монополияға қарсы департамент «GPARK» ЖШС-ға қатысты ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін әкімшілік іс қозғалды, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша монополияға қарсы департамент елордада бастапқы тұрғын үйді сату тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде, нарық субъектілерінің атына қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау жіберген.
«GPARK» ЖШС ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбауына байланысты, кәсіпорынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік іс ашылды. «GPARK» ЖШС орта кәсіпкерлік субъектісі болып саналатынын ескере отырып, айыппұл сомасы 1,1 млн теңгені (360 АЕК) құрайды.
«GPARK» ЖШС белгіленген мерзімде айыппұлды төлемегендіктен елордалық монополияға қарсы департамент әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. Айыппұл төленбеген жағдайда іс сот орындаушысына мәжбүрлеп орындату үшін жіберілетін болады. Бұл ретте «GPARK» ЖШС монополияға қарсы департаменттің сұрау салуы бойынша ақпарат ұсынудан босатылмайды, - делінген агенттік хабарламасында.