Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге қосылудан бас тартқан алматылықты өртеп жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұмның жақындары заңға жүгінуден бас тартыпты

Фото ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге қосылудан бас тартқан алматылықты өртеп жіберген. Бұл туралы халықаралық заңгерлер компаниясының мамандары айтты. Алайда марқұмның жақындары заңға жүгінуден бас тартып отырған көрінеді, деп хабарлайды Алматы арнасы.

  Заңгерлер Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ер адамның денесін күйік шалып көз жұмғанын айтты.

«Митинг уақытысында бір топ кісі алдынан шығып, митингіге шақырғанда бармай қойған. Сосын оны өртеп жіберіпті. Үстіне бензин шашып, сіріңке лақтырып өртеген деп естідім. Алайда нақты сол істі жүргізбегендіктен анығын білмедім. Бұл туған әпкесінің айтуы. Марқұмның баласы жетім, әйелі жесір қалды», - деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 16 қаңтар күнгі брифинг кезінде Алматыда «149 азамат опат болды, құқық қорғау органдары арасында 11 адам қаза тапты» деп мәлімдеген. Ресми деректерде Қаңтар оқиғасында жалпы саны 227 адам көз жұмды делінген.