Батыс елдері Ресейге қарсы одан әрі қатаң санкциялар салуды жалғастырмақ
Батыс елдері Украинаға шабуыл басталғаннан кейін Ресейге қатаң санкциялар салуды бастады. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазды.
Ақпараттық порталдың жазуынша, бұл шаралар президент Владимир Путинді соғыс әрекетінен бас тартқызу үшін жасалып отыр.
Еуроодақ ресейлік технология мен қаржы институттарының Еуропаға кіруіне тосқауыл қоймақ. Бұл ретте Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Ресейге қарсы «ауқымды және мақсатты санкциялар пакеті» әзірленетінін айтты.
Ал Ұлыбританияның Премьер-министрі Борис Джонсон ағылшын тарапы бұған дейін жарияланған Ресейге қарсы санкцияларының сақталатынын мәлімдеді. Қазірдің өзінде Ұлыбританияда Ресейдің бес банкі мен үш миллиардерінің активтері бұғатталды. Сондай-ақ, ол Украинаға әскери қолдау көрсететініне уәде берді. Өз кезегінде лейбористер көшбасшысы Кир Стармер Прьемер-министрге британдық фирмалар мен мүлік сатып алатын олигархтардың жолын кесу туралы заң қабылдауды ұсынды.
Бұл шаралар ресейлік банктер мен жеке тұлғаларға қарсы бағытталған және Ресей Федерациясын Батыс қаржы нарықтарынан шығару үшін жасалып отыр.
Сейсенбіде жарияланған АҚШ санкциялары Ресейдің әскери күштерін қаржыландыру мүмкіндіктеріне нұқсан келтіруге бағытталған.
Германия канцлері Олаф Шольц Ресейден Германияға бағыт алатын «Северный поток-2» газ құбырын ашуға рұқсатын беруді кейінге қалдырды.
Ресей тағы қандай санкцияларға тап болуы мүмкін?
Батыс елдері Ресейге қарсы одан әрі қатаң санкциялар салуды жалғастырмақ.
Ресей жаһандық Swift қаржылық хабар алмасу қызметінен шығарылуы мүмкін. Бұл - әртүрлі елдердегі шоттар арасында жылдам транзакциялар жасауға мүмкіндік беретін және бүкіл әлемдегі мыңдаған қаржы институттары пайдаланатын банк жүйесі. Егер Ресей Федерациясы Swift-тен шеттетілетін болса, елдің мұнай мен газды экспорттағаны үшін төлем алуы қиындайтын болады. Бірақ Ресей тарапынан экспорт тоқтаған жағдайда Батыс Еуропаның тұтынушылары мен бизнестері зардап шегеді.
АҚШ Ресейге долларды пайдалану арқылы қаржылық операцияларды жүргізуге тыйым салуы мүмкін. Бұл Ресей экономикасына үлкен соққы болатыны сөзсіз. Өйткені оның мұнай мен газ сатылымының басым бөлігі доллармен жүзеге асырылады. Бұл Ресейдің басқа салалардағы сыртқы саудасына зиян келтіруі мүмкін.
Екінші жағынан, Ресейдің мұнай-газ экспорты күрт төмендейді және бұл осы елдің газына тәуелді Еуропа мемлекеттеріне кері әсерін тигізеді.
АҚШ ресейлік банктерді қара тізімге енгізе алады, салдарынан халықаралық транзакцияларды жүзеге асыру мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда Мәсккеу инфляцияның өсуіне және табыстардың құлдырамауына жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды жүзеге асыруы тиіс. Алайда, бұл әрекеттің ресейлік банктерде ақшасы бар Батыс инвесторларына зияны тиюі мүмкін.
Сонымен қатар, мұндай экономикалық дағдарысқа тап болмас үшін Ресей өзінің орталық банкінде 630 миллиард доллардан астам резервті ұстап отыр.
Бұдан бөлек, Батыс Ресейге негізгі жоғары технологиялық тауарлардың экспортын шектеуі мүмкін. Мысалы, АҚШ өзінің компанияларына автомобильдер мен смартфондарға қолданылатын микрочиптер сатуға тыйым салуға құқылы. Бұл Ресейдің қорғаныс және аэроғарыш салаларына ғана емес, сонымен бірге оның экономикасының барлық бағыттарына әсер етеді. Дегенмен бұл жерде де аталған тауарды сатумен айналысатын батыс компаниялары кіріссіз қалуы мүмкін.