Шикізат тапшылығының әсерінен Петропавл фанер зауыты толық қуатына қосыла алмай тұр
Кәсіпорын басшылығы депуттаттардан көмек сұрады

Петропавл фанер зауыты толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Оған шикізат тапшылығы себеп. Кәсіпорын басшылығы депуттаттардан жәрдем сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ШИКІЗАТ ШЕТ ЕЛДЕН КЕЛЕДІ
«Солтүстік фанер комбинаты» серіктестігі суға төзімділігі жоғары ерекше ламинатталған үлкен форматты фанерді өңдіруші ең ірі зауыт. Бір жыл ішінде кәсіпорын 10 мың текше метрден астам өнім шығарды. Мұндай материал беріктігімен ерекшеленеді. Шикізаттың кеме өндірісінде пайдаланылатыны соның бір айғағы. Бірақ кәсіпорынды толық қуатында жұмыс істету мүмкін болмай тұр. Зауыт басшылығы шикізаттың басым бөлігін шет елдерден сатып алуға мәжбүр. Түрік инвесторлары бұл жобаға 2 млрд теңгеден астам қаржы құйған болатын. Шетелдіктердің таңдауы ақ қайыңдар өлкесі атанған Солтүстік Қазақстанға түсуі кездейсоқ емес. Өңірде ағаш қоры жеткілікті.
«Мекеме өндіріс көлемін ұлғайту үшін Солтүстік Қазақстанға 10 млн доллар инвестиция салмақ. Бүгінгі күні кәсіпорынға фанера шығару үшін жылына 360 мың ағаш керек. Былтыр 2 ай бойы жұмыс тоқтап тұрды. Оның себебі – шикізаттың жоқтығы. Қазақстанда 10 жылда бір рет елдің орман қорындағы ағаштарды түгендейді. Экология министрлігі бұл жұмысты қаңтар айында бастады. Ол жыл соңына дейін жалғасады. Яғни осы уақытта ағаш сату бойынша ешқандай тендер өткізілмейді. Сондықтан кәсіпорын шет елден шикізат сатып алуға мәжбүр болады. Бұл мәселе шешілмейінше серіктестік облысқа инвестиция құймайды», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.
Зауыт жылына 27 мың текше метрден астам ламинатталған фанера шығаруға қауқарлы. Кәспорын басшылығы әзірге 20 мың текше метр межесін қойып отыр. Шикізат ретінде қайың қабығы ғана қолданылады. Бүгінгі таңда компанияда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Шет елден келген 4 маман оларға фанера өндірудің қыр-сырын үйретті. Кәсіпорын Германия мен Түркиядан әкелінген заманауи қондырғымен жабдықталған.
«Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Үкімет деңгейінде одан әрі шешу үшін «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппаратына жеткізуге ниетті. Орман шаруашылықтарымен де қиындық туындап отыр. Өйткені оларға ағашты терең өңдеу үшін зауытқа шикізат ретінде сатудан көрі, кесілген орман ағаштарының бір бөлігін құрылыс материалдары түрінде сату тиімдірек болып отыр. Бұл мәселені де шешу қажет», - дейді Әлібек Әшметов.
КӘСІПОРЫН ІШКІ СҰРАНЫСТЫҢ 30 ПАЙЫЗЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР
Мәжіліс депутаттары зауыт жұмысымен танысты. Кәсіпорында өндіріс қуатын арттыру үшін шикізаттан басқа қажеттінің бәрі бар. Кәсіпорын басшылығы жыл сайын 18 мың текше метрге дейін фанера шығаруды жоспарлап отыр.
«Бұл кәсіпорынның болашағы зор. Сұранысқа ие өнім шығарып отыр. Сондықтан оны дамыту керек. Жасыл желекті оңды-солды кессек экология мәселесі туындайды ғой. Тағы бір мәселе-бұл шикізатты сату мен сатып алу кезінде делдалдардың көптігі. Мұны «Атамекен» кәсепкерлер палатасы жергілікті билікпен бірге шешуі тиіс. Мәселені бұлай қалдыруға болмайды», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Тайжанов.
Комбинат пайдаланып отырған шикізаттың 60 пайызы Ресейден әкелінсе, қалғаны отандық өнім. Кәсіпорын фанераға деген ішкі сұраныстың 30 пайызын жауып отыр. Сонымен қатар өнім Түркия, Өзбекстан және Еуропа мемлекеттеріне экспортталады. Қазақстан жылына орта есеппен фанераның 90 мың текше метрін сырттан сатып алып отыр.
Фанера комбинаты жұмысы тоқтаған құбыр зауытының орнында ашылған болатын. Кәсіпорын аумағы 15 мың шаршы метр. Оны ашу үшін жаңадан ғимарат салынып, толықтай жарақтандырылды.
ЛАМИНАДТАЛҒАН ФАНЕР ҚАЙДА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?
Қағаз-шайыр пленкасы бар фанер ламинатталған деп аталады. Ол суға өте жақсы қарсы тұрады, жоғары тозімділікке, беріктікке және тығыздыққа ие. Бұл жабын екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі өнеркәсіптік мақсаттарда, екіншісі сәндік мақсаттарда қолданылады. Фанерді жабудың қандай түрі болмасын, оның бір мақсаты бар: табиғи ағаштан жасалған материалды қолайсыз әсерлерден сақтау. Көп жағдайда ламинатталған фанер өндірісінде қайың қабығы қолданылады, бірақ кейде олар қылқан жапырақты өсімдіктерге жүгінеді.
Ламинатталған фанер өзінің тамаша қасиеттерінің арқасында көлік, сауда бөлмелері мен қоймалар мен жиһаздарға арналған жабдықтар өндірісінде белсенді қолданылады. Ламинатталған фанерсіз құрылысты, сонымен қатар дизайнды елестету мүмкін емес.
Бұндай фанер өте жеңіл. Сондықтан ол жүк-жолаушылар көлігін, әртүрлі трейлерлерді, контейнерлерді, тіркемелерді немесе фургондарды өндіруде кеңінен қолданылады. Ламинатталған фанерсіз бірде-бір теміржол вагонын, яхтаны немесе қайықты елестету мүмкін емес. Баға мен сапа сияқты параметрлер бойынша бұл фанер көлік сияқты машина жасау саласында ең тиімді материал.
Эльмира Мәмбетқызы