Бізде медаль алып келсең ғана жақсы көріп, жағдай жасайды – Абзал Әжіғалиев

Автор: Azattyq Rýhy

Спортшының сөзінше, елде шорт-тректен дайындалуға жағдай жоқ

Фото ашық дереккөзден

Шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев Олимпиадада жүлдеге ілікпегеніне не кедергі болғанын әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спортшының сөзінше, елде шорт-тректен дайындалуға жағдай жоқ. Сондай-ақ түрлі жарыстарда жарақат алғанда да емделуге көмек көрсетілмейтінін жеткізді. Жаттығуға қажет құрал-жабдықтар да қолжетімсіз дейді.

«Өзіміздің Қазақстан құрамасына арналғаны жоқ. «Алау» мұз айдынынан өзімізге қажетті уақыт берсе екен. Жарты жыл қалғанда немесе 1 ай уақыт қалғанда жақсы уақыт бөлінді», - деп жазды Абзал Әжіғалиев.

Спортшының жазбасын министрлік өкілдері оқыған. Көрсетілген кемшіліктердің барын олар да жоққа шығармайды. Ал Олимпиадаға дайындықтың төмен деңгейде болғанын пандемиямен байланыстырды.

 «Абзал жазған мәселелердің бір бөлігі – шындық. Оны мойындауымыз керек. Бүгінде мұзы бар ірі нысандардың көбісі жеке меншікке берілген. Сол себепті ұлттық құраманың дайындық жасау жағынан проблемалар бар. Дегенмен мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы проблеманы шешуге тырысып жатыр», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.