Мүгедек және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға 34,6 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінгі таңда елімізде 523 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар 

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтарға жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 34,6 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

2022 жылғы қаңтар айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 27,2 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 7,4 млрд теңге бағытталды.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 523 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 170,4 мың адамды құрайды.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 52 018 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайында 43 528 теңгені құрады.